суббота, 23 февраля 2013 г.

Қыз қылығымен...

Қыз абыройы - отбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы. Қазақ халқы «Қыздың жолы - жіңішке» деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған.
Қыздың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты. Қазақ халқы қыздың абыройын жоғары бағалайды. Оның абыройлы болуына көбінесе ана жауапты деп қарап,  анасын ардақтай білмеген қыз, өз абыройын да сақтай білмейді деп тұжырымдайды. Өз намысын қорғаған қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы, ибалы, иманды болуы керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына өмірлік міндеттер қойып, оны орындауын қыздың абыройы деп санаған. Ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, бала тәрбиесін білу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау тағы басқа іс-әрекеттер мен мінез-құлықты қасиеттер, иман жүзді, абзал жанды қыздың бойында болу керек деп есептеген. Отбасында да, балар бақшасында, мектепте де, көпшілік орындарда да баланы ел намысына, қыз абыройына сәйкес тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз.
Ата-аналарымыз  қыздары   есейгенде   оларға   он  түрлі талап   қойып, өздеріне   өмірлік   тірек,   мәңгілік  бақыт   болатын   мынадай  үш   серік   табу   шарт   деп   қараған:

1. Сарқылмас   ақыл-білім,   мол   үлгі-тағылым    табу.

2. Өшпейтін,   өлмейтін   өнер   табу.  Яғыни,   үй   ұстап,   бала   тәрбиелеуді, іс тігу, түрлі   ас-тағам   пісіруді,  қонақ   қабылдап, мейман   күтуді,   т.б  жетік   үйрену. Өнер мен   іскерлік  - әйел   затының   қадыр-қасиетін   арттыратын  бағалы   байлық   есептеледі.

3. Жақсы   жар   табу.  Жақсы   жар   болашақ   отбасының  ұйтқысы,
тату-тәтті   семья   құрып,   бақыт-байлыққа   қол   жеткізіп, ұлағатты   ұрпақ   тәрбиелеудің   кілті деп   қарап, қазақ   қыздары   жар   таңдау   істеріне  ерекше   көңіл   бөлген  .

Мұқағалимен мақтанатын қазақпыз!


Мұқағалимен мақтанатын қазақпыз!
Жақсысын өлген соң жоқтайтын қайран қазақ Мұқағалиымызды да жарық айға, жалтыраған жұлдызға теңеп, жаман жоқтамаппыз. Әлі де солай. Бірақ, бұл Қаратаудай қатпарлы, Алатаудай асқақ ақын туралы айтатын, жазатын түк қалған жоқ деген сөз емес, әлде телегей-теңізге, әлде жойқын дарияға ұқсақ ұлы мұраның шетінен еніп, ортасына бойлауға кейде талабымыз жеткенмен талантымыз жетпей, ұмтылысымыз болғанмен ұғынуымыз жетпей жататынын мойындағанымыз жөн.
Ақынын әлімсақтан тұлпарға теңеп, топқа да түсіретін, кейде керісінше тұғырға балап, тұқыртып та тастайтын біздің жұрт Мұқағалидай мұзбалағының қадіріне кеш те болса кейінгі жылдарда жетті-ау әйтеуір...
Жалпы қазақ поэзиясын XIX ғасырдың екінші жартысында Абай, XX ғасырдың басында Мағжан қандай биікке көтерсе, өткен ғасырдың екінші жартысында өлең деп аталатын ұлы өнерге Мұқағали да өз өрнегімен өлшеусіз үлес қосты.
«Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның бар айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын» – деп толғаған ақын өзіне табиғат сыйлаған ерекше дарынымен қасиетті қара өлеңнің киесін келтірді, сөйтіп оны талай ұрпақ тамсанып ішер тұма-бұлаққа айналдырды.
Баршаға белгілі, М.Мақатаев тұсындағы 60-70 жылдар қазақ әдебиетінің қарыштап дамыған, арғыны айтпағанда кейінгі Әуезов бастаған алыптар тобының салған сара жолы даңғылға айналып, шығармашыл адамдардың бағы жанған түтіні түзу бір дәуір еді. Сол дәуір әдебиет әлеміне Қ.Аманжолов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова сынды шоқтықты шоғырды алып келді. Қай-қайсысы да асқар таудың бір-бір шоқысындай, алып бәйтеректің бір-бір бұтағындай бітім-болмысы бөлек дарын иелерінің арасынан арқырай шығып, жарқырай көрінген, арда жырдың ақтаңгері, алмас сөздің алдаспаны болған Мұқағали Мақатаевтың бітім-бейнесі уақыт өткен сайын бөлектеніп, биіктеп барады.
Біздің бағымызға сонау көк түріктер заманындағы, жыраулар дәуіріндегі өршіл рухты, кейінгі Абай әкелген соны үрдістер мен арғы-бергі дәуірдегі әлем классиктерінің озық үлгілерін Нарынқолда туған нартұлғалы азамат өн бойына сіңіре біліпті, сыйғыза алыпты.
Ол – өз дәуірінің перзенті, сол тұстағы қоғамның төлі, тумасы бола тұра ноқтаға басы сыймады, әр дәуірдегі ұлы ақындарға тән тұрлаусыз тірлік бұны да айналып өтпеді. Кейде ойлайсың, алдынан ақ жарылқап күн туа берсе анандай асыл дүниелер жазылар ма еді, жазылмас па еді?! Жақсы өлең тууы үшін де Жаратушы кейде ақынның жүрегін осылай жылатып қояр бәлкім?! Тірліктен түңіліп, бәрінен жерініп:
Не көрмедім демеймін, нені көрдім?
Маған, өмір, көрсін деп нені бердің?
Ештеңе де көргем жоқ, көрмей, білмей,
Жөніме өлгім келеді, жөніме өлгім, – деп жабырқаған ақын, артынша өз-өзіне дем береді, алға ұмсынып, былай дейді:
Көретін күнім алдымда,
Алдымда көрер таңым да.
Алдампаз мынау тағдырға
Бағынба, жүрек, бағынба!

Үміт бар алда, бар арман
Талпына бергін таңдарға.
Болымсыз нұрға ағарған
Алданба, жүрек, алданба!

Әміршім менің, алданба
Мына бір бейқам күндерге!
Алдағы таңды арманда,
Түндерге аттап кіргенде.

Осылай жүрегі бірде жылап, бірде жұбанған қайран ақын қысқа ғұмырында ұзақ дәуірлерге жетер жауһарлар жазып қалдырды. Кейінгі ұрпақтың сырласы мен мұңдасына айналды.

Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,
Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.
Таулы аймақтың ауасы секілденген
Аумалы да, төкпелі күндерім-ай!

Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай,
Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай.
Не туары белгісіз жүкті әйелдей
Не болары белгісіз тағдырым-ай!

Ақынның ахуалы туралы өзінен асырып не айтуға болады?! Жалпы Мұқағали образын ашу үшін әдеби талдау, кейіптеу жасаудың қажеті жоқ. Оны ақын өз шығармаларында өзі жасайды. Оның әр өлеңінде ішкі әлемінің, жан-дүниесінің терең түпкірлері қоясы қалмай ақтарылады. Оқырманынан ешуақытта ештеңені бүгіп қалмайды.
Шағын толғамада Мұқағали туралы тамсану, тағы бір тәнті болу тұрғысындағы сөздерді қолдансақ та, тарата, тарқата айтуды мақсат тұтпадық. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай шымырлап жатқан шексіз теңізге тереңдеуге дәтіміз бармай, тек сыртқы сипатына, салқам сұлулығына ғана сұқтанып қойдық. Оқырман ретінде ұлы суреткермен алда әлі талай сырласу бола беретініне сенім кәміл.  

«Бүгін менің туған күнім,ой, пәлі-ай...»


«Бүгін менің туған күнім,ой, пәлі-ай...»
9-ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік ақынның жаралы жанын кім түсінген? Тірісінде қара өлеңнің қаймағын бұзбаған ақынның айбынды бейнесі, асқақ жырлары күллі Алаш жұртының көкейінен өшпек емес.  
Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 82 жылдығына арналған шығармашылық сайыс өтті. Аталмыш іс-шараны ұйымдастырушы филология факультетінің белсенді студенттері. Сайысқа 6 білімгер қатысты. Спорт және өнер факультетінен Досанов Дияс, филология факультетінен ФЖК-111 тобының студенті  Әбілқасым Гүлдана, ФЖК-211 тобының студенті Сәрсенхан Батырхан және Айдарбеков Ерболат, ФҚӘ-211 тобының студенті Түрдәлі Алқар өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Әр турда білімгерлер өздерінің ақындық дарындылығымен қатар Мұқағалидың жырларын жатқа оқитындығын да танытты. 
  Жеңімпаздарды анықтау мақсатында әділқазы алқалары да кеш төрінен орын алды. Алқа мүшелері ф,ғ,к.,доцент Ергөбек Сапарбек, ф,ғ,к,.доцент Бекжігіт Сердәлі және ф,ғ,к.,доцент Жазира Исаева сайыскерлердің білімдерін сараптай білді. Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Айдарбеков Ерболат, ІІ орынды Білән Мереке ал жүлделі І орынды  Сәрсенхан Батырхан иеленді.Кеш соңында тағы да ақынның өлеңдеріне кезек берілді, сөз шеберінің шығармашылығы туралы ой-пікірлер айтылды.
   Ақынның өмірдерегі туралы өзінен асырып не айтуға болады?! Мұқағали туралы шымырлап жатқан шексіз теңізге тереңдеуге дәтіміз бармай, тек сыртқы сипатына, әсем табиғатына ғана сұқтанып қойдық. Оқырман ретінде ұлы суреткермен алда әлі де талай сырласу бола беретініне сеніміміз кәміл.  


                                                                                                 ФЖК-011 тобының студенті
                                                                                                   Әміреева Әсем                              





Білімгерлер білім квотасына ие болды


         Білімгерлер білім квотасына ие болды

  Үстіміздегі айдың 6 жұлдызында университетіміздегі ақылы негізде оқитын білімгерлер Түркия мемлекеті бөлген білім квотасына ие болды. Оқу ордамыздың I вице президенті Салих Айнурал мырзаның айтуы бойынша биылғы жылы квота әрбір 2,6- студентке бөлініпті. Квота тапсыру салтанаты мәдениет сарайының үлкен залында комиссия мүшелерінің қатысуымен өтті. Әрбір 1 курс студенті квотага үміткер ретінде саналды. Соның
 ішінде 1-  семестр бойынша тапсырған емтихан бағаларының GPA балы және ҰБТ балы сонымен қатар түрік тілінен тапсырған емтихан балдарының көрсеткішімен есептеліп, жоғарғы баллға ие болған студент квота иегері атанды.
 Аталмыш жиын соңында ата-аналар мен студенттер Түркия мемлекетінің бөліп отырған білім квотасына алғыстарын білдіріп, қуанысып жатты. Осы қуаныш үстінде квотага ие болған  студентпен сұхбаттасқан едік.

Медицина факультетінің студенті Құрбантай Мақпал.
Квота иегері атандыңыз, құттықтаймыз! Қандай көңіл күйдесіз?
Әрине, өте көтеріңкі күйдемін. Үмітім ақталды. Университет басшыларына алғысымды білдіремін.   Үміткер ретінде қалай дайындалдыңыз?
 Грантқа түсуіме санаулы балл ғана жетпей қалды. Міне бүгін өз білімімді дәлелдедім. Семестр бойына үздіксіз дайындалып, емтихандарымның барлығын дерлік 5ке тапсырдым. Емтихан тапсыру барысында тіпті ұйқысыз өткізген күндерім болды. Қуаныштымын еңбегімнің ақталғанына.
Сұхбатыңызға рахмет!

Квота иегерлерін шын жүректен құттықтаймыз. Білімдеріңіз шыңдала берсін. Келешегіміздің келісті де кемелді өз ісінің маманы  болыңыздар!

«Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты


Әлемді алаңдатқан дағдарысты кезең туған шақта елдің көңілі алабұртып, «енді не істейміз?» деген күмәнді ой әркімнің санасында ұялағаны рас. Сол кезде қиындықтан шығудың жолы Елбасының кезекті Жолдауында жан-жақты баяндалып, халықты сабырға шақырған еді.
 Ал Президентіміздің биылғы халыққа арнаған Жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау барысында оқу ордамызда ақпан айының 30 жұлдызында «Жасампаз жолдау-жарқын болашаққа қолдау» атты жиналыс өтті. Аталмыш шараға «Нұр Отан»ХДП Түркістан қалалық филиалы төрағасының орынбасары  Темірбаев Алмасбек, Университетіміздің вице- президенті Айнурал Салих, Түркістан қалалық Жастар орталығының директоры Айдос Байжанов пен Жастар ұйымының төрағасы Ермахан Бағлан мырзалардың қатысуымен өтті. Бас қосуға қатысушы қонақтарымыз Елбасымыздың  Жолдауындағы білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді көтерді. Президентіміз өзінің әрбір Жолдауында жастарды назардан тыс қалдырмайтындығы баяндалды. Жолдауға қолдау көрсету мақсатында студенттер де өз баяндамаларын оқыды.    
Фжк- 111 тобының білімгерлері Қалжан Ұлмира мен Шұрайық Сезімхан  Елбасының сарабдал саясатын қолдап, жастарды білімге шақырды.
Бұл
жолдаудың ерекшелігі  еліміздің өркениетті елдердің алдыіғы қатарында болуына үлкен жолдама екендігі атап көрсетілді. Сондай-ақ елдің болашағы нақты осы жобада екендігі атап өтілді.
                                


вторник, 19 февраля 2013 г.

Жастар тәрбиесі ақсаған – қайран Ордам!

Жастар тәрбиесі ақсаған – қайран Ордам!
     Түркістан-Түркі әлемінің тылсым тариқха толы көнеден келе жатқан ғажайып қалаларының бірі. Кезінде барша жұртқа өнер, білім, ғылым, мәдениет саласында  Адамзатты таң қалдырып, кең есігін айқара ашқандығы айтпасақ та мәлім дүние. Сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, ой-санасы, ықылас-ниеті қазіргі жаһандану заманына қарағанда өзгеше болғандығы анық. Бұл ұзақ тағылымды әңгіме. Яғни, тарих...
            ХХ ғасырдың бас кезінде технология жақсы дамымады. Сонымен қатар  қазақ балаларының сауаттылығы, қара халықтың қара тануы төменгі деңгейде еді. Қазақ балалары шетелде оқу былай тұрсын, ел ішінде қазақ мектептері жоқтың қасы. Ресей империясының «Бөліп ал да, билей бер» деген сорақы саясаты ақ азуын ақситып тұрған заман. Бұқараның күн көрісі өте төмен еді. Осы тұста Алаш азаматтарының  қайғыдан қан жұтып, елім деп еміреніп, шат күндерін жоғалтып, түн ұйқысын төр бөлген жан тербетер шығармалары алтын әріптермен жазылды. Қазағымды ұршықтай айналдырған тұста да дәл осы күнгі кейпіндегідей мәдениеттелігінен, ар-ожданынан, мейірім, ізеттілігінен немқұрайлы емес-тін.  Заманы тозғанменен,  адамы иманнан тозбаған. Жастары үлкенді сыйлап, алдын кесіп, озбаған.
Ал, енді қазіргі Түркістанға келейікші. Мәселен, жалындаған жастарының жүріс-тұрысы мен қоғамдық орындарда өздерін ұстау мәдениеттілігіне. Меніңше, осы тұста ізденуші замандастарымыз бағзы Түркістан жастарына қарағанда кешеуілдеп, мәдениетінен кенжелеп қалған сыңайлы. Олай дейтін себебіміз, университетімізге қарасты «Мәдениет орталығында» концерттер, түрлі іс-шаралар, сонымен қатар аптасына бір рет фильм көруге барғанда сан қилы жастарымыздың оғаш, дөрекі, «Мәдениет  орталығында» маңғырған мәдениетсіздіктеріне куә боламыз. Қоғамдық орындарды ластап, орындықтарды сындырып, өнер көрсетіп жатқан өнерпаздардың үстінен күліп, келемеждеп, т.с.с жаман қылықтары жаныңа тиетіні бар. Бұл жайға Еуропаның ықпалы тиіп жатқандығы белгілі. Бірақ ата-бабамыздың «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегені қайда? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, осындай тұрғыдағы студенттеріміз баршылық.
    «Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді» деген осы да. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». «Аспен ұрғанды таспен ұрғанымыз» қалай?!