понедельник, 22 апреля 2013 г.

Менің ұстазым!

Сөзден жыр кестесін төккен Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.
Ұстаз болу - сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу- мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.
Осы төрт белгі менің сынып жетекшім Ченыбаева Зүльфия Сағижанқызының бойынан табылады. Ол мұғалімнің сезімнің ақындығына сабақ барысында анық байқауға болады. Себебі сынып жетекшіміз қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Ол кісінің сөзі «Балалық шағында барын салып оймаған баладан ертең ештеңеде шықпайды, ертең жетістікке де жете алмайды» - дейді. Сондықтан да талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізеді. Ол кісінің сабағынан ешқашан жалықпайсың. Жалығуда мүмкін емес. Тіл сабағы әдебиетпен, тарихпен тығыз байланыста болады. Бір мәтіннен үзінді алынса, сол жайлы апай қызықты мәліметтер, аңыз әңгімелер айтып, шәкірттерін терең білім алуға ынталандырады. Апайымыздың баулуымен біз Абай, Мұқағали өлеңдерін жатқа оқып, «Менің атым Қожа», «Дермене» «Бір атаның балалары» атты повестерді толық оқыдық, ол біз үшін оркестр алдында тұрған дерижер сияқты, ол кісінің кірпік қағысынан біздің құлақ күйіміз бабына келіп, қазақ тілі мен әдебиеттің сазды бастауынан сусындай жөнелеміз. Ұстазымыз кез келген сабақты бүгінгі заманмен үйлестіре өткізеді. Заманның, жаңа техникасы, компьютердің құлағында ойнап, интерактивті тақтамен жұмыс істеп, біздерді шығармашылықпен жұмыс істеуге шыңдайды.
Менің ұстазым – батыр. Алдына келген біздер - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – тентек, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, тентегін тыйып, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
Зульфия апай – күн шуақты ана. Аялы алақанымен жасығына күш беріп, жабырқағанға дем беріп, еркесін сабасына түсіріп, есіргенін есіне келтіретін, есіктен кіргенде күн жылуын бар оқушысына бірдей төгетін мейірімді ана. Баланың ішкі жасырын жатқан құпия сырын ашатын мұғалім. Сыныптасымыз Толқынға қарап қарапайым баланың бірі деп ойларсыз. Бірақ Толқынның шығармасы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына оқушылар шығармалар жинағына еніп, Президентіміздің қолына жеткен. Ал Толқынның бойындағы осы қасиетті ашқан мұғалім.
Сыныпта әр оқушыны жанындай жақсы көріп, біздің жүрген жүрісімізден, тұрған тұрысымыз бен қас –қабағымыздан таниды. Сабақта тапсырма орындап отырғанда, төмен қарап отыратын апайымыз кімнің не істеп отырғанын бірден біліп, ескерту жасап отырады. Тіпті жаңа жылдың алдында агентке кімнің кіріп, әңгіме не жайында екенін білген ұстазымыз тәрбие сағатында әрқайсысымызға қатаң ескерту жасады.
Біздің мұғалім - Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан дарын кенін ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Қазақ тілі пәні математикадан кем түспейтін ғылым екенін, білгенім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз екенін білдірген де осы ұстазым.
Ұстаз – адам бойындағы тозбайтын ақыл иесі. Дүние дөңгелегі шыр айналып, адамдарды талай жартасқа басын соқтырып, «аһ» деген өкініштің теңізіне батырып жатады. Ал мұғалім – өзгермейтін дүние. Ақырын жүріп анық басып, Алатаудың қарындай ғасырлар бойы жинаған адами бейнесін жоғалтпай, балаға тәрбие мен білім шуағын төге, өз мамандығының ыстық-суығына көне, ешкімнен еш нәрсені талап етпей, сол баяғы паң мінезінен аумай, ақылының кеңдігімен бала көңілін аулап келе жатыр.
Жақында біз қазақ әдебиетінен оқымай келген едік. Мұғалім не істегенін білесіз бе?! Бәріміздің қазақ әдебиетімізді сыпырып алып, сыныптан «қуып» шықты. Сондағы айтқан сөзі: «Өз тілін, өз әдебиеті, өз тарихын оқымаған бала бұл кабинетте отыруға қақысы жоқ». Үнсіз қалған біз ештеңе дей алмадық. себебі «Сыныпты сабағынан қуып шығуға мұғалімнің қақысы жоқ. Ондай мұғалім мұғалім емес» деген қазіргі қағидаға қарамай, мұғалім осы әрекетке барды. Бірақ «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» - дегендей апайымыздың осы әрекетінен біз көп нәрсені түйсіндік.
Осындай қасиеттерсіз Ұстаз ұстаз емес.
Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені, айналасына қуат беріп, жолында кездескен таудай қиындықты тастай домалатып, білімнің сар даласында толас тауып, дамылдайды. Ұстаз тәрбие майданында балалардың жат қылықтарымен арыстанша арпалысқан батыр. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен шәкірттеріне щуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз –ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Комментариев нет:

Отправить комментарий