понедельник, 22 апреля 2013 г.

Әпкені сағыну...




Сағыныш
Ағаң менен ініңе
Санат беріп жүргенсің
Әпкең менен сіңліңе
Қанат беріп жүргенгсің.

  Өмірдегі ең ауыр қасірет жақын адамыңнан айрылу екен. Осындай ауыр қасіретті күндерді басымнан өткізіп жүрмін. Бұл фәниден әпкемнің ерте кеткеніне әлі де сенер емеспін. Ол кісінің жарқын бейнесі, күлімдеген көздері, рахаттана күлгені әлі есімде. Осы әдемі бейне ешқашан көз алдымнан өшпесе екен деймін.
    Айналасындағы адамдарға шуағын шашып, қолынан келгенше көмегін беріп жүретін менің асыл әпкемдей жан бұл өмірде жоқ шығар. Менің өмірде анамнан кейінгі жақын, аяулы адамым еді. Әпкем екеуміздің арамызда қанша жас алшақтығы болсада, әпкеме барлық сырымды жасырмай айтатынмын,  ал ол кісі  маған өзінің ақылын беріп, кез келген жағдайда көмек қолын созып, қанаттандыратын.
 Жан баласына жамандық тілемейтін, барлық адамдардың бақытты болуын қалап және оған өз септігін тигізіп жүретін. Әпкемнің мейірімділігінде шек болмайтын, кішкентай балаларға дейін ол кісіні  жақсы көретін. Менің 5 жасар сіңілім әпкемді қатты жақсы көреді, үйге келсе қуанып кететін. Әпкем әрқашан рахаттана айқайлап  күлетін, соны байқаған Аруна әпкеме «Ахаха апа» деп ат қойыпты. Ал енді сол сіңілім «Ахаха апам неге келмей жүр» деген сұрағына жауап таппай әлекпін.
 Әпкем дүниеден өтерден 2 күн бұрын телефонмен сөйлескенде өзінің мәңгілікке кететінін сездіме маған «Мен кетіп қалып жүрсем Аружанға қарайлай жүр» деді. Мен ол сөзді күлкіге айналдырып «Ой, әпке не деп тұрсыз Аружан түгілі Сезімнің ұзату тойында билеп жүреміз әлі» дегенімде бір  күліп алдыда «Әсем мен күшті өлең жаттап алдым тыңдашы, тек жатар алдында ғана айтамын » дейді.
Сол өлең құлағымда сақталып қалғандай.
Жаттым, жаттым жан Алла,

Таң ертең тұрғыза көр Иншалла.

Тұрғызбасаң Иншалла,

Лә илләһа Иллалла.
   2 күннен соң осылайша Кәлимаға тілін келтіріп жан әпкем жарық дүниеден кете барды. Жүрегімнің жартысын жұлып  алғандай күйдемін. Мұндай қасіретті дұшпанғада тілемес едім.
  Әпкемнің бірінші бейсенбілігіне бардым, үйге кірсем әпкем алдымнан күлімдеп шығатындай , үйдің әр бұрышы әпкемді есіме түсіреді. Сонда бірінші амандасқан адамым Айгерім жеңгем болды. Қолымды алып тұрып бетімнен иіскеп сүйді, жан дүнием дір ете түсті. Себебі әпкем әрдайым бетімізді құмарлана иіскеп барып сүйетін. Міне, жеңгемнің ақылдылығы, мамасының орнын білдірмей  барынша қамқорлық танытуда.
  Тағдырдың салған ісіне көнбеске амал жоқ. Сізді қатты сағындым, сіздің орныңыз мен  үшін ерекше еді ғой асыл әпкетайым.
  Әпке, сіз  мәңгі біздің жүрегіміздің төріндесіз. Алтындай әпкетайым сізге қанша теңеу айтсамда артықтық етпес…


                                                Сағынышпен еске алушы сіңілісі Әсем Әміреева Оразбекқызы
  

Комментариев нет:

Отправить комментарий