понедельник, 22 апреля 2013 г.

Әке менің...


Сен қаншама ауыртпалықты бастан кештің. Ыстыққа төзіп, суыққа шыдамдылық таныттың. Бір емес, бірнеше қатерден аман қалдың
Мен сенің қас-қабағыңа қарап өстім. Сенің қабағың маған сабақ болып келе жатыр. Мен сенің көзқарасыңнан әлі де қорқамын
Қолың алтын сенің. Майысқанды түзетіп, қисайғанды қалпына келтіретін жансың. Сен үшін шешілмейтін түйін жоқ
Бір өзіңсіз мынау өмір көңілсіз. Алыста жүргенде мен сені қатты сағынамын. Бар ісімді тастап, саған қарай ұмтылуға даярмын.
Көктемнің салқын жауынының астында қалдық. Сонда иығыма өз күртешеңді жауып, менің жаурап қалмауыма алаңдадың. Менің өзің қайтесің дегеніме, "Мен - ер-азаматпын" дедің де қойдың.
Сендей жан өмірімде жолығады ма?! Бәлкім, дәл өзіңдей жан кезікпес. Өзіңдей жан қайта туар ма екен?!
Бірақ, мен сен сияқты жанмен бірге болғым келеді. Себебі, көз ашқалы сен менің жанымдасың. 
Сен менің қазынамсың, әке! Мен сені қатты жақсы көремін! Анам менің аспаным болса, сен менің асқарымсың, әке! Қос жарығым әр кез аман болсын, иншаллаһ!
P.S. Әкем қызмет бабымен үйден жырақта көп жүреді. Ес біліп қалған кезім, әкем ұзақ сапарға Польша еліне кетті. Сол кездегі әкеме деген сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әкемнің есікті ашып, табалдырықты аттай бергенде жүгіріп барып, мойнына асылғанымда өзімді ең бақытты жандай сезінгенмін. Иә, мен бақыттымын! Себебі, мен әкем сияқты асқардан туылған жанмын!
P.S.S. Бүгінде де жанымда көп бола бермейсің. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Себебі, өз елімді тауып, мен де кетемін ертең. Ол кезде өзіңді бұдан қатты сағынатын шығармын

Комментариев нет:

Отправить комментарий